Ақтөбе облысында оқушыны өлтірген күдіктілер қамауға алынды

Фото: Pixabay.com

Ақтөбе облысында оқушыны өлтірген күдіктілер қамауға алынды, — деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі өңір прокуратурасына сілтеме жасап.

Темір ауданы Қопа ауылындағы Қопа орта мектебінің 9-10-11 сынып оқушылары арасында кикілжің шығып, салдарынан бір оқушы қаза тапты.

Прокуратураның мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді облыс прокуроры Халидолла Дәуешов жеке бақылауына алған.

«Қылмыстық іс аясында ҚР ҚПК-нің 128-бабының тәртібімен кәмелетке толмаған екі күдікті ұсталып, Темір аудандық сотымен екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Оқиға бойынша тергеп-тексеруді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жүргізіп жатыр. Қадағалауды жүзеге асыру, тәжірибелі процессуалдық прокурорлар тобына жүктелді», — делінген хабарламада.

Қылмыстың себебін анықтау үшін ауданға арнайы комиссия жіберілді.

Ал мектеп директоры қызметінен босатылды.

«Облыстық прокуратура жергілікті атқарушы органның атына Темір ауданы әкімінің, облыстық және аудандық білім бөлімі басқармаларының лауазымды тұлғаларының жауапкершіліктерін шешу жөнінде ұсыныс енгізілді. Қадағалау актісімен Қопа ауылындағы мектептің директоры Р.Е.Қаржауов қызметінен босатылды», — деп хабарлады ведомство.