«Туыстарыма тараттым». Елдос Сметов елге келгеннен бергі сыйлықтарын қайда жаратып жатқанын айтты

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов елге келгеннен бергі сыйлықтарын қайда жаратып жатқанын айтты. Даңқты балуан журналист Динара Сәтжанға сұхбат берген, деп хабарлайды ozgeris.info.

Есте болса, Сметов Қазақстанға келгенде Жамбыл облысының әкімдігі мен жергілікті демеушілер бірігіп су жаңа Lexus LX 600 көлігін мінгізді. Ол көлікті Елдос әкесіне бергенін айтты.

Ал бизнесмен Жұмабек Жанықұлов берген Mersedes көлігін Олимпиада чемпионы өзі тізгіндемекші. Тіпті мемлекеттік номеріне дейін Елдостың өнер көрсететін салмағымен бірдей (060).

Париж Олимпиадасының жеңімпазы Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында туған. Жерлестері де оған Haval 6 көлігін мінгізген болатын.

«Бұл көлікті мені бес жасымнан бастап тәрбиелеген, спортқа махаббатымды оятқан Ахмет Жұмағалиға сыйладым. Ол кісінің жасы қазір 74-те», — дейді Елдос Сметов.

Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімдігі демеушілермен бірлесіп чемпионға бес бөлмелі пәтер сыйлаған. Ол өзінде қалды. Сондай-ақ екі бөлмелі пәтерін жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке тарту еткен.

Жамбыл облысының дзюдо федерациясының президенті арыстанның терісін берген, оны спортшы досына сыйлапты.

Төреғали Төреәлі сыйлаған тұлпар қазір Шымкентте екен. Ал, ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Маханов берген 100 жылқыны Елдос екінші ағасына бергенін айтты.