«Жолдаудың өзіндік арнайы миссиясы бар»: Президент Жолдауынан қазақстандықтар не күтеді?

Қайыржан Әбдіхалықов
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің басында Қазақстан халқына өз Жолдауын арнайды. Осы орайда Халықаралық қатынастар докторы, ҚБТУ профессоры Қайыржан Әбдіхалықов биылғы Жолдаудан не күтетінін және өткен жылғы Жолдаудағы түйіткілді мәселелер жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Алдымен өткен жылғы Президент Жолдауы жайлы

«Өткен жылғы Жолдау көбіне экономикалық өсім, ғылым мен жаңа инновациялар жөнінде болды. Онда айтылған мәселелер орындалып жатқанын байқап отырмыз. Мәселен, Президент жанындағы Ғылым академиясы жаңадан жанданды. Жоғарғы білім беру саласында шетелдік оқу орындарының филалдары ашылды. Сондай-ақ президент тапсырмасымен Ұлттық қордан балаларға жобасы іске асып жатыр», – деді Қайыржан Әбдіхалықов.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының маңыздылығы

«Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы – еліміз үшін өте маңызды шара. Әр жылғы Жолдаудың өзіндік арнайы миссиясы бар. Себебі Жолдау жаңа жылға қандай мемлекеттік ұстаным болады, қандай бағыттарға аса мән қойылады және солардың өзектілігін айқындап береді. Оның ішінде әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымның бағыттарды атап өтсек болады», – деді ол.

Жолдауда басымдық берілетін түйіткілді мәселер болуы мүмкін бе?

«Биылғы Жолдау меніңше, әлеуметтік сұранысқа ие, қоғамдық маңызы бар мәселелермен байланысты болады. Ойымша, әлеуметтік міндетті сақтандыру, білім беру, денсаулық сақтау және азаматтардың экономикалық өсімін  қамтамасыз ететін салалар жөнінде сөз қозғалады. Сондай-ақ энергетика мәселесі де айтылуы мүмкін. Себебі қазіргі ең өзекті мәселелердің бірі – елдегі энергетика көздерін дамыту және электр энергиясының тапшылығын болдырмау, тұрақты энергия көздерін арттыру. Осы орайда АЭС салу мәселесі де айтылуы мүмкін деп есептеймін», – деді Әбдіхалықов.

«АЭС салу жөнінде референдум өтетін нақты күн белгіленуі мүмкін»

«Инклюзия, мүгедектігі бар жандардың құқықтарына жөнінде басымдық берілетін мәселелер де көтеріліп қалар. Әр Жолдауда президентіміз басымдықтарды ел азаматтары үшін өзекті мәселеге қоятынын білеміз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы АЭС салу жөнінде оның негіздемесін көрсетуі мүмкін. Осы жөнінде өтетін референдумның нақты күнін айтатын шығар», – деді ол.

Биылғы Президент Жолдауынан қоғам не күтеді?

«Жолдаудан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде мемлекеттік қызметшілердің және қарапайым халықтың арасындағы өзара әрекеттесу туралы сөз қозғалса деймін. Өйткені қазір елде тұрақты даму мақсаттарына жету міндет ретінде қойылды. Қазір әр облыстың, әр өңірдің 17 тұрақты мақсаты бар. Соның ішінде мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестік байланыстарды орнату өте маңызды. Бізге осындай әлеуметтік лифттер керек. Жолауда осындай мәселелер де айтылуы керек. Яғни, тек алға қойған мақсаттар ғана емес, қоғам жетістігі де сөз болуы керек, азаматтарымыз соны сезінуі қажет деп ойлаймын», – деді Қайыржан Әбдіхалықов.