Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйек айының басында Қазақстан халқына өз Жолдауын арнайды. Осы орайда ҚР ҰҒА құрметті академигі, Ресей Криминологтар қауымдастығының мүшесі Есберген Алаухановтың биылғы Жолдаудан не күтетінін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
«Жыл сайынғы Президент Жолдауын асыға күтеміз. Онда елді дамытатын, мемлекеттегі маңызды мәселелерді реттейтін айқын бағдар беріліп, тапсырмалар жүктелетіні белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деген атпен көпшілікке таныстырылды. Яғни, Президент ел еңсесін тіктеп, халықтың жағдайын жақсартудың негізгі көзі – әділеттіліктің сақталып, экономиканың өркендеуімен өзектес екенін айтты. Бұл елімізде қандай жобалар қолға алынып, қандай реформалар жүргізілсе де оның әділеттілік принципімен тамырлас дамитынын ұқтырса керек», — деді ол.
Есберген Алауханов азаматтардың құқықтық сауатын көтеру мәселесі Жолдауда айтылғанын жөн санайды.
«Жолдауда бұған дейін адам құқығын қорғау саласында жасалған маңызды қадамдарды жалғастырып, әділдік пен заң үстемдігін орнатудағы ауқымды жұмыстарды биыл да жалғастыру қажеттігі тапсырылды. Жалпы, азаматтардың құқықтық сауатын көтеру мәселесіне көңіл бөлінгені дұрыс. Өйткені, заңдарды қабылдап, бағдарламаларды енгізу – мәселенің түпкілікті шешімі емес. Бізде бүгінгі күнге дейін азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды көздеген қаншама заң мен кодекс қолданысқа енгізілді. Тек биылдың өзінде Президент тапсырмасына орай вандализмге қарсы жаза күшейіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауаптылықты арттыратын заң қлданысқа енгізілді. Бірақ, оның маңызы мен артықшылығын халық түсініп, қолданбаса, заңның нәтижесі төмен. Сондықтан, халықтың құқықтық сауатын арттыру мәселесі былтыр да өзекті еді, алдағы уақытта да мәнін жоғалтпақ емес.
Президент Жолдауын басшылыққа алған Ақтөбе облысының Полиция департаменті биыл білікті заңгерлерді шақырып, құқықтық сауатты арттыру шараларына тартты. Біз аудан-аудан, ауыл-ауылды аралап, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап бердік, құқықтық кеңесімізді айттық. Жоғары оқу орындарына барып, жастардың құқықтық мәдениетін көтеруге, заңдағы басымдықтарды түсіндіруге тырыстық. Заң білмеудің кесірінен қазір қаншама жас темір торда отыр. Оларға заңды білмеу жауаптылықтан құтқармайтынын ұғындыру міндет», — дейді академик.
Бұдан бөлек Ресей Криминологтар қауымдастығының мүшесі Президентке үндеу жолдау тым жиілеп кеткенін де сөз етті.
«Дегенмен, Президент атап өткен құқықтық сауатты арттыру ісіне көңіл бөлмейтін, мәселеге үстірт қарайтын басшылар да бар. Егер бұл іске барлық құрылым жетекшілері бір кісідей белсенді аталысса, түрме тұрғындары да азайып, сот алаңындағы даулардың саны да айтарлықтай кемитіні ақиқат.
Қазір кез келген мәселені Президентке әкеліп тіреу белең алып барады. Тіпті, ауыл ішіндегі дауды шеше алмағандар Мемлекет басшысына үндеу жолдап жатады. Осының өзі құзырлы органдардың халықпен етене жұмыс істеп, қарапайым азаматтарға шағымданудың, өз құқығын қорғаудың тетіктерін түсіндіру керектігін ұқтырады. Егер құзырлы органдар ашық болса, алдына келген адамның талап-тілегін мұқият тыңдап, дұрыс жол көрсетсе, Президентке үндеу жасайтындар да азаяр еді. Қарапайым түсінбеушіліктің Ақордаға дейін жетуінің өзі азаматтардың өз құқығын білмейтінін, өз мүддесін қорғай алмайтынын, құзырлы органдарға сенбейтінін көрсетеді», — деп мәлімдеді ол.
Сонымен қатар, халықпен ашық сөйлесіп, мәселе талқыланбайтынын айтып өтті.
«Ендеше, Президент Жолдауында айтылған құқықтық сауатты арттыру жұмыстары биыл да жалғасын тапқаны дұрыс. Сонымен бірге, қазір полиция, прокуратура, сот органдарына алдын-ала жазылмай, ескертпей келіп, шағымыңды, ұсынысыңды айту мүмкін емес. Ашықтық, жаңа технология деген желеумен халықпен бетпе-бет кездесіп, түйткілді сол жерде тарқату тетігі келмеске кетіп барады. Осы жағы алдағы уақытта ескеріліп, құзырлы органдардың азаматтардың арыз-шағымын жария түрде қарап, талқылауын, бұқаралық ақпарат құралдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, атқарылған жұмыстарын БАҚ бетінде тұрақты жариялап тұруын міндеттеген жөн», — деп қорытындылады аңыз-академик Есберген Алауханов.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы 2-қыркүйек күні өтеді.
ПІКІР ЖАЗУ