Air Astana әуе билеттерінің қымбаттауын жоққа шығарады

Фото: travelpress.kz

Air Astana әуе компаниясы қазақстандықтардың билет бағасының өсуіне қатысты шағымдарына жауап берді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Аталған компанияның кірістерді басқару және коммерциялық жоспарлау жөніндегі аға вице-президенті Ерболат Байсалықов 2021 жылдың қарашасынан осы күнге дейін әуе билеттерінің бағасы өзгермегенін айтты.

«Айта кету керек, осы кезеңде, яғни 2022 жылы инфляция шамамен 20%, 2023 жылы 10% болды. Бірақ тарифтер бұрынғы деңгейде қалды, өскен жоқ», — деді Е. Байсалықов Көлік министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әуе компаниясының өкілі жолаушыларға билеттерді арзан бағамен алдын ала сатып алуға кеңес берді.

«Жаз айларында бүкіл әлемде жолаушылар тасымалы күрт артады. Бұл ретте, жолаушыларға билеттерді алдын ала сатып алуға кеңес береміз, сонда олар арзанырақ алады. Ал соңғы сәтте билет іздесе, мұндай жоғары сұраныс кезінде тарифтер жоғары болады», — деді Ерболат Байсалықов.