Қазақ балуандары грек-рим күресінен әлем чемпионатында екі күміс медаль еншіледі

Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстан қоржынына екі күміс медаль түсті, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Грек-рим күресінен 51 келіде финалға шыққан Алпамыс Болатұлы ақтық сында америкалық Джэйден Рэйниден 5:7 есебімен ұтылып, күміс медаль иеленді. 

Сондай-ақ 80 келіде белдескен Еркебұлан Анапия финалда нейтралды спортшы Михаил Шкаринге 0:3 есебімен жол берді. Еркебұлан да әлем біріншілігінің күмісін иеленіп отыр.

Ал 48 келіде қола медальға таласқан Едіге Төлеутаев 1:3 есебімен әзербайжандық Амрах Амраховтан ұтылды.

Фото: olympic.kz