Белгілі футболшы Нұралы Әліп марқұм ата-анасы туралы айтты

Фото: видеодан скрин

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Нұралы Әліп «Зенит» YouTube-арнасына берген сұхбатында  ата-анасынан айырылған кезін есіне алды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Қорғаушының сөзінше, әкесінен айырылғанда ол небәрі 10 жаста болған. Бала болса да әкесінің әлсіздігін көргісі келмеген ол ауруханаға мүлдем бармаған.

«Әкемді әлсіз адам ретінде көргім келген жоқ. Себебі ол маған үнемі: «Ер азаматсың, ер азамат сияқты жүр» деп айтып отыратын. Әкеме Алматыда операция жасауы керек еді, жолға шығардан бір күн бұрын ол мені жанына шақырып алды. Қолымнан ұстап, маған былай деді: «Бәрі дұрыс, сен ер азаматсың. Ешқашан ештеңеден қорықпа». Бұл сөздерді ешқашан ұмытпаймын, себебі бұл әкемнің маған соңғы айтқан сөздері еді. Сол түні ол ана өмірге аттанып кетті», — деп еске алады футболшы.

Әкесінің қазасынан кейін екі жыл өткен соң футболшы анасынан да айырылып қалған.

«2012 жылы анам қайтыс болды. Жасым 12-де еді. Үйге қонақтар келе бастады. Мен сол кезде-ақ анамнан айырылғанымды түсіндім. Құдайдан «Маған мұндай қасіретті не үшін бердің?» деп сұрадым. Таңғы 5-те жаттығуға кетіп қалдым. Өйткені ешкімнің көз жасын көргім келген жоқ. Жаттығуға екі сағат бұрын барып алдым», — деді ол.