«Орнында тұрып жүгіру»: Демеу Жадыраев желіні жарған биі туралы пікір білдірді

Фото: видеодан скриншот

Грек-рим күресінен Париж олимпиадасының күміс медаль иегері Демеу Жадыраев Астанаға келді. Елорда жұрты ел намысы үшін күрескен балуанды қарсы алып, естелік суретке түсіп, алғысын айтты. Осы орайда журналистер Демеу Жадыраевқа сұрақ қойып үлгерді, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Әлеуметтік желіде Демеу Жадыраевтың ортаны бермей билеген видеосы тарап, желіде қызу талқыға түсті. Ал, балуанның айтуынша, бұл ешқандай да би емес.

«Жоқ, мен жақсы билей алмаймын. Өзім де осыны айтқым келіп жүр еді. Ол ешқандай да би емес. Мен ол жерде ағайымның жаттығуын жасадым. Жүгірудің орнына сол жаттығуды пайдаланамыз. Орнында тұрып жүгіру десе де болады. Сол себепті ол ешқандай би емес», деді Олимпиада жүлдегері.

Естеріңізге сала кетейік, Демеу Жадыраев бұл қимылдарын Париждің төрінде де көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленген еді.