«Оңай болмады»: елге оралған Нұрбек Оралбай күміс жүлдесі туралы пікір білдірді

Нұрбек Оралбай
видеодан скриншоттар

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай журналистерге шағын сұхбат берді, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Боксшы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында алтын жүлде ұтып алуға тырысатынын айтты.

«Олимпиада болған соң, бірінші жекпе-жектен бастап оңай болған жоқ. Барлық спортшы барын салды. Осындай екінші орын бұйырып тұр екен, бұған да шүкір. Бірақ мен Олимпиада ойындарына алтын медаль үшін барған едім. Бұл жолы бұйырмады, Алла қаласа енді келесі Олимпиадада бұйырады деп ойлаймын», – деді Нұрбек Оралбай.

Еске салайық, 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек үшін Париж рингі финалға шығып, күмісті қанжығасына байлаған алғашқы Олимпиада болды.

Қазақстандық боксшы финалда украиналық Александр Хижнякқа 2:3 есебімен есе жіберді.