«Уағызыңды айтпай, тыныш жүр». Бибігүл Дәулетбекқызы Елдос Сметовтің әңгімелеріне қарсы шықты

Коллаж: ozgeris.info

Белгілі журналист Бибігүл Дәулетбекқызы олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің әсіредіни әңгімелеріне қарсы шықты. Журналистің қатаң сынына Елдостың соңғы кездегі айтып жүрген сөздері себеп болған. Бибігүл Дәулетбекқызы жеке парақшасында чемпионға еліктеуші жастарға алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info.

«Қараңғы пенделерді жек көрем! Қазақ болыңдар! Өзіміз тарыдай шашылған аз қазақпыз! Рухымыз онсызда әлсіреп барады. Әсіредіншілдерді саңырауқұлақша қаптатқандардың мұрты да қисайған жоқ. Олар жастардың саналарын улап шетел қашты. Мына қарапайым сендердің балаларың зардап шекпесін деп шырылдап жүрмін. Енді қалмағаны жас балалардың санасын улап, ұлтымызды тұздай құрту еді… Оған жол бере алмайды екенмін!», — деп жазды ол.

Сондай-ақ журналист спортшыға уағыз айтпай тыныш жүруін айтты.

«Журналист мамандығын алғанымда ұстазым Камал Смайловқа: «Ақиқатты ғана жазамын. Қарапайым халықтың сөзін сөйлеймін» деп серт бергенмін. Осы уәдемде тұру парызым! Менің міндетім — Қазақ деген ұлтымды сақтап қалу! Бір алтын әкелді екен деп, мыңдаған баланың балағын қысқартып, сақалын ұзартып, ертеңгі күні өз халқыма қарсы шығартып ала алмайды екенмін! Қай-қайсыңа да айтарым осы: Елдің алдында жүрсің бе? Тыныш жүр уағызыңды айтпай, жастардың санасын әсіредінмен уламай! Әншісің бе? Әніңді айт! Спортшысың ба? Жаттықтыр!», — деп жазды журналист.