Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов Париж Олимпиадасынында сынға түсіп жатқан былғары қолғап шеберлерінің әлеуетіне баға берді. Оның пайымынша, жартылай финалға шыққан қос боксшы чемпион атанады. ҚазАқпаратқа берген сұхбатында танымал боксшы Франциядағы ойындарда Нұрбек Оралбай мен Назым Қызайбай өз салмағында үздік болатынынан үмітті, деп хабарлайды ozgeris.info.
«1996 жылдан бері Қазақстан Жазғы Олимпиада ойындарына тұрақты қатысып келеді. Токио Олимпиадасын айтпағанда бұған дейінгі сындарда боксшылар чемпион атанды. Парижге тек Қазақстан мен Өзбекстан ғана толық құрамда барды. Алайда екі боксшымыз ғана жартылай финалға жете алды. Десек те, біздің екі алтыннан үмітіміз бар. Соңғы сәтке дейін үміт үзбейміз. Нұрбек Украинаның белгілі боксшысымен шаршы алаңға шығады. Ол спортшы туралы білеміз. Тактика дұрыс қойылса Хижнякты ұтуға болады деп сенемін. Сондай-ақ, әйелдер боксынан Назым Қызайбайдың да чемпион атануға мүмкіндігі бар», — деді Ермахан Ыбырайымов.
Париж Олимпиадасында 80 келіде жартылай финалына шыққан Нұрбек Оралбай финалға Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Александр Хижнякпен өзара мықтыны анықтайды. Ал екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Қытай боксшысы Ву Юмен финал жолдамасын сарапқа салады.
Бұған дейін Қазақстан ұлттық ерлер құрамасынан 6, әйелдерден 2 боксшы жарысты аяқтап, жүлдесіз қалған болатын.
ПІКІР ЖАЗУ