«Трансформаторлар жөндеуден өтпеген»: Атырау халқы аптап ыстықта ауыз су мен жарықтың жоқтығына налыды

Фото: “Информбюро”

Атырау облысында тұрғындар аптап ыстықта ауыз су мен жарықсыз отырмыз деп шағымданып жатыр. Айтуларынша ескірген трансформатордың тозығы жетіп, тіпті сымдары тұйықталып, бірнеше мәрте өрт шыққан екен, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Жұлдыз-3 ауылының тұрғындары жиналып, жарықтың мәселесі жылдар бойы шешілмей жатқанын айтты.

“Көптеген техникалары істен шығып жатыр. “Атырау Жарыққа” барып, арызданып жатқандар көп. 3-4 жылдан бері осылай. Жиі өшуіне байланысты халық қиындық көріп отыр. Трансформаторлар ешқандай капиталды ремонттан өтпеген”, – деді Жұлдыз-3 ауылының тұрғыны Жұмахмет Әбілқариев.

Одан бөлек тұрғындар ауыз судың жоқтығына да наразы. Олар суды дүкеннен сатып ішетінін жеткізді. Ең сорақысы, кей кәсіпкерлер судың бағасын екі есе өсіріп жіберген екен.

“19 литрлікті сатып алып жүрміз ғой. Бутылкасымен апарғанда 300 теңге төлеп. Су жоқ болғанда дүкендер 1200 теңгеге сатады. Біз қарапайым ғана халық, адамдардың қарапайым өмір сүруі үшін коммуналдық қызметті ғана талап етіп отырмыз. Аспандағы айды сұрап тұрған жоқпыз. Күнделікті өмірімізге қажет коммуналдық қызметті сапасымен берсін”, – деді Жұлдыз-3 ауылының тұрғыны Масрипа Есенғалиева.

Ауылдық округтің әкімі инфрақұрылым елдімекенге толығымен тартылғанын жеткізді. Айтуынша су мен жарықтың анда-санда өшуі қысымның артқанымен байланысты екен.

“8 трансформатор бар. Қазір қала теңгеріміндегі трансформаторлар келісімшарт арқылы “Атырау Жарықпен” жөнделіп жатыр. Бұл да кезекте тұр, бақылауда тұр. Егер авариялық жағдайда өшсе, авариялық қызмет келіп дер кезінде қосып отыр. Ауыз суды да Су арнасы мекемесі қарап отыр. Тұрғындарға нағыз керек кезде, пик кезде, үйлерін суарған кезде су болмай қалады”, – деді Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шафқат Қалиев.

Жұлдыз ауылының үш мыңнан астам тұрғыны шағымдарын облыс әкіміне жеткізбек. Себебі олар аптап ыстықта су мен жарықсыз отыру нағыз азап дейді.