Париж Олимпиадасынан елге оралған дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі Әбиба Әбужақынова жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
«Ыстық ықыласпен күтіп алғандарыңызға рақмет. Осы жолы 5-орынмен қайттым. Алдағы жарыстарда көк туымызды биіктен желбіретуге уәде беремін. Менің жақсы күресіп келе жатқаныма 2 жыл ғана болды. Қалған қарсыластарым бұрыннан жүлдегер болып жүрген қыздар. Тағы да 4 жыл маған тәжірибе жинауға жетеді деп ойлаймын. 48 келіде қаламын», — деді спортшы.
Қазақстандық дзюдошы ел намысын осы жылдың қазан айында Абу-Дабиде қорғамақ, деп жазады kaz.inform.kz.
«Қазанның 13 күні Әбу-Дабиде өтетін Grand Slam турнирінде күресемін. Оған 2 ай бар. Бұйырса 2 аптадай демалып, қайтадан жаттығуға ораламын. Бірақ Олимпиада кезінде шағын жарақатым болды», — дейді ол.
Сондай-ақ дзюдошы қыз жеке өміріне байланысты сұрақтарға да жауап берді.
«Келесі Олимпиадаға дейін тұрмыс құру маған кедергі емес. Тұрмысқа шықпаймын деп ашуланып айттым. Бұл туралы әлі ойланып көремін», — деді Әбиба Әбужақынова.
Еске салайық, отандасымыз қола медаль үшін таласта швециялық жас балуан Тара Бабульфаттан жеңіліп қалған еді.
ПІКІР ЖАЗУ