Ферроқорытпа зауытындағы апат: Тағы үш жұмысшы қайтыс болды

Фото: Рixabay.com

Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен тағы үш қызметкер қайтыс болды, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Қайтыс болған қызметкердің бірінің жасы 25-те.

«Дәрігерлердің бүкіл күш-жігеріне қарамастан Қарағанды ферроқорытпа зауытының тағы бір қызметкерінен айырылдық. 1999 жылы туған науқастың денесін 90% күйік шалған. Осы уақытқа дейін ол өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқан. Марқұмның жақын туыстарына қайғыра көңіл айтамыз», — деп хабарлады облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

25 жастағы Қазкен Ерұлан Қайырбекұлы ферроқорытпа зауытында технолог болып жұмыс істеген.

Одан кейін 1981 және 1987 жылы туған екі науқас есін жимай көз жұмды.

«Қарқынды реанимациялық шаралардан кейін Қарағанды ​​ферроқорытпа зауытында зардап шеккен тағы екі жұмысшының өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. 1981 және 1987 жылы туған науқастар есін жимай көз жұмды. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін ақырына дейін күресті. Марқұмның жақын туыстарына шын ниетпен көңіл айтамыз», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауытының пешінен өрт шығып, соның салдарынан кәсіпорынның 8 қызметкері зардап шеккен еді.