Семейде судьяға тіл тигізген сотталушы жазаланды

судья
Фото: ашық дереккөзден

Семей №2 сотында судьяны қорлау түрінде сотты құрметтемеген сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Жоғарғы сот мәліметінше, сотталушы ашық сот талқылауында сот актісін жариялау және оның мәнін түсіндіру кезінде соттың апелляциялық үкімімен келіспей, судьяның атына, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлай отырып, әдепсіз сөздер айтқан.

«Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтары, сотталушының сөзінде ар-намыспен қадір-қасиетті әдепсіз түрде қорлау белгілері расталған сот психологиялық-филологиялық зерттеуінің қорытындысымен дәлелденді», – делінген хабарламада.

Сот істің барлық мән-жайларын ескере отырып, сотталушыға алдыңғы сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын өтегеннен кейін орындау шартымен 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады.