Бокстан жеңіл салмақтағы әлем және Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматов Париж Олимпиадасындағы мүмкіндігі мен қарсыласы Сәкен Бибосыновпен бәсекелестігі туралы айтты, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Өзбекстандық боксшы Хасанбой Дусматов – 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы. Ол биылғы байрақты бәсекеде топ жарып, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы атансам дейді, деп жазады kaz.nur.kz.
«Олимпиада – бүкіл әлем көз тігетін үлкен дода. Біз де бұл бәсекеге үлкен дайындықпен келдік. Өзбекстанның атын асқақтату үшін барымызды саламыз. Басқа спортшыларға сәттілік тілеймін. Олимпиадаға қатысудың өзі оңай іс емес. Біз тарих жасауға келдік. Бұл жолы Баходир екеумізге Олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы атануға мүмкіндік туып тұр. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Сондықтан біз бәріне дайынбыз», — деді Хасанбой Дусматов.
Сонымен бірге ол осы салмақта сынға түсетін қазақстандық бокшсы Сәкен Бибосынов жайлы да пікір білдірді.
«Біз Сәкенмен өзара үш кездесу өткіздік. Ол да Олимпиадаға ерекше дайындықпен келетіні сөзсіз. Егер біз тағы бір мәрте рингте кездессек, қолымнан келгеннің бәрін істеймін», — деді өзбек боксшысы.
Көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.
Бұл бәсекеде бокстан Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысады. Ел намысын Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) қорғайды. Ал әйелдер құрамасынан тұңғыш аш рет үш боксшы қатысады. Карина Ибрагимова (57 кг), Валентина Хальзова (75 кг), Назым Қызайбай (50 кг) сынға түседі.
ПІКІР ЖАЗУ