АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп Пенсильваниядағы сайлауалды науқанында сөз сөйлеген кезде атыс дауысы естілді. Ол сөзін тоқтатып, алаңнан шығып кетті. Оқ атқан адамның сол жерде көзі жойылды, сол сияқты митингке қатысқан кем дегенде бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Атыс басталғаннан кейін Трамп бірден еңкейіп, артынша оққағарлары жүгіріп барып, оны алып кетті. Кетер алдында саясаткер жұдырығын бір сілтеді.
Видеожазбада Трамптың оң құлағы қанап тұрғаны көрінеді.
Республикалық партиядан президенттікке үміткер алдағы қарашадағы сайлауда маңызды болатын Пенсильвания штатының Батлер қаласында жақтастары алдында сөйледі.
Трамптың артында плакаты бар жақтастары болды. Оқ дыбысы шыққанда, олар да еңкейіп қалды.
Эфирге түсірілген кадрларға қарағанда, Трамп АҚШ-тағы заңсыз мигранттардың саны туралы айтқан кезде оқ атылған.
Трамптың өкілі Стивен Чанг бұрынғы президент ауруханада екенін, дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстап отырғанын айтты.
«Президент Трамп құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметкерлеріне қорқынышты оқиға кезінде жылдам әрекет еткені үшін алғыс білдіреді. Оның жағдайы жақсы, жергілікті ауруханада қаралуда», – деді ол.
Трамп оқиғадан кейін шамамен 2,5 сағаттан кейін байланысқа шықты.
«Маған оқ тиді, ол оң құлағымның жоғарғы бөлігін тесіп өтті», — деді Трамп. — Мен бірдеңе дұрыс емес екенін бірден түсіндім, ысқырықты естідім, оқ атылды және оқтың теріні тигенін бірден сезіндім. Қатты қан кете бастадым, сондықтан мен не болып жатқанын түсіндім».
Ол АҚШ-тың Құпиялық қызметі мен барлық құқық қорғау органдарына жылдам әрекет еткені үшін алғыс айтып, митингіде қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасыларына көңіл айтты.
Айта кетейік, осы оқиғаны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң айыптап, Дональд Трамптың тезірек жазылып кетуін тіледі.
ПІКІР ЖАЗУ