Америкалық зерттеуші Джек Уэзерфорд Шыңғыс хан және Моңғол патшайымдарының құпиялары туралы кітабында патшаның қыздарына көбірек сенім артқаны туралы жазған. Бұл туралы мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай Тимур Балымбетовке берген сұхбатында айтты.
«Гендерлік археология зерттеулері Еуропада бір кездері матриархат болғанын көрсетті. Әйелдер басқарған заманда халықтар бейбіт өмір сүріп, қоныстар арасын бөліп тұратын қамал, керегелер тұрғызбайтын. Қару-жарақпен адам өлтіру деген де болмаған. Шартты түрде айтатын болсақ, б.з.д. 2 мың жылдықта осы жерлерге патриархат үнді еуропалық тайпалар қоныстанған уақыттан бастап адамды қару-жарақпен өлтіру басталған. Жергілікті халықтың ерлерін өлтіріп, әйелдерін алған. Осылайша заманауи еуропалықтардың мәдениеті қалыптасты. Біздің қоғам да патриархат болды десек те, ежелгі түркі қоғамының дәл мұндай патриархат болмағанын көрсететін дәлелдер көп», – деді Зира Наурызбай.
Мұнымен қатар мәдениеттанушы америкалық зерттеушінің Шыңғыс туралы жазған деректеріне тоқталды. Шетелдік ғалымның айтуынша, Шыңғыс хан ұлдарына қарағанда қыздары мен келіндеріне көбірек арқа сүйеген.
«Америкалық зерттеуші Джек Уэзерфордтың Шыңғыс хан туралы және Моңғол патшайымдарының құпиялары туралы кітабы бар. Ол Шыңғыс хан билік еткен кезеңге басқа қырынан қарайды. Ғалым «Шын мәнінде Шыңғыс ханның өзі де, тайпасы да айналасындағы әйелдерді қатты құрмет тұтқан, сыйлаған. Ол уақытта қалың малдың орнына ер азаматтар болашақ қайын атасының үйінде бірнеше жыл еңбек етіп, өзінің күшті күйеу екенін дәлелдеп барып қана қалыңдық алатын болған. Шыңғыс хан осы дәстүрді қолдады және одан бас тартуға түбегейлі қарсы болды» дейді. Бізде ер адам қайын жұртының үйінде тұрса, күшік күйеу деп айтады. Ал тарихшылар мұны жоғарыда айтқаннан шыққан «күш күйеу» деп түсіндіреді. Бұл сөз қалыңдықтың жүрегін өз күшімен, маңдай терімен жаулаған дегенді білдіреді. Мұнымен қатар Уэзерфорд «Шыңғыс ханның ұлдары әлсіз, әлжуаз, ойынқұмар, ішкіш болған. Ол өзінің қыздары мен келіндеріне көбірек арқа сүйеген. Тіпті басты мұрагері етіп қыздарының бірін қалдырмақ болған» дейді. Шыңғыс хан патриархат қоғам болғандықтан, мұндай қадамға бара алмайтынын жақсы түсінген. Өкінішке орай, ол қайтыс болған соң ұлдары жылдам әпке-қарындастарын өлтіреді немесе тақтан айырады. Артынша осы әрекеттерінің барлығын тарихтан ысыруға тырысады. Осы нәрсе біздің заманға дейін жалғасқан», – деді зерттеуші.
ПІКІР ЖАЗУ