Қазақстандық белгілі эстрада әншісі Әбдіжаппар Әлқожа 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Бұл туралы Алматы облыстық сотының телеграм-арнасында ақпарат жария болды.
6 шілде күні Қонаев қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында А.Б.-ға қатысты көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушінің көлік құралын басқаруы дерегі бойынша әкімшілік іс қаралды. Іс жағдайларынан белгілі болғандай, 2024 жылғы 5 шілдеде сағат 23:50 шамасында А.Б., көлік құралын басқару құқығынан айырылған бола тұра, Қонаев қаласы, Рауан ықшам ауданы, Речниковая көшесінде орналасқан демалыс аймағының жанында «Toyota Camry» маркалы автокөлігін басқарған, — деп жазылған сот таратқан мәлімете.
Аталған ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігіне сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін жаза ретінде 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе он тәулікке әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
Сот қаулысымен әнші ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», — деп жазылған Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кету керек, 2022 жылғы 20 желтоқсанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының қаулысымен А.Б. ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Әзірге сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Кеше белгілі әнші Қайрат Нұртастың 15 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды. Өнер иесі ұшақта жолаушының бірімен төбелескені үшін айыпталып отыр.
ПІКІР ЖАЗУ