Теміртауда жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие беруге өтініштер қабылдау бастады. Құжаттарды қабылдау 28 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды Қарағанды облыстық әкімдігі.
«Теміртау жастары» тұрғын үй-ипотекалық бағдарламасы өткен жылы іске қосылған болатын. Бұл – Теміртау қаласы әкімдігі мен «Отбасы банкінің» бірлескен жобасы.
Жоба қалада кемінде бір жыл тұратын және жұмыс істейтін жас мамандарды қолдауға бағытталған.
Бағдарлама шарттары
- Қатысушылардың жасы — 35 жасқа дейін.
- Міндетті түрде қарыз алушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.
- Қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн теңге.
- Үміткерлерде қарыз сомасының кемінде 10% мөлшерінде бастапқы жарнасы болуы тиіс.
- Бұл ретте тұрғын үйді жылдық 6%-бен ресімдеуге болады.
- Несие мерзімі — 8 жыл.
Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт жүйелерінің қызметкерлерінен, БАҚ, өндіріс, ЖОО және әлеуметтік сала өкілдерінен басқа квазимемлекеттік сектордың коммуналдық кәсіпорындарының, ТЖМ, жолаушылар көлік кәсіпорындарының, «Оқжетпес-Т» және «Қазпошта» компанияларының қызметкерлері де қатыса алады.
Тұрғын үйді бастапқы және қайталама жылжымайтын мүлік нарығында сатып алуға болады.
Үміткерлер келесі құжаттарды ұсынуы керек:
-
жеке куәлік;
- азаматтық хал-ахуалды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (неке қию және балалардың тууы туралы куәлік – болған жағдайда);
- өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтама;
- ресми бланкіде жұмыс орнынан анықтама (ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуы тиіс);
- еңбек өтілін растайтын құжат;
- еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
- мүгедектік туралы анықтама (бар болса).
Құжаттарды 28 маусымға дейін Жастар ресурстық орталығына тапсыру қажет.
ПІКІР ЖАЗУ