“Менде де 100 млн доллар бар”. Дулат Исабеков экс-президенттің құпияларын ашып берді

Жазушы, драматург Дулат Исабеков Kultobe podcast youtube-арнасына берген сұхбатында экс-президент туралы пікір білдіріп жағымды және жағымсыз жақтарын ашып берді, — деп хабарлайды ozgeris.info

«Назарбаевтың қалай болғанда да екіжақты мінезі бар. Жақсылығы — шекарамызды бекітті. Енді оны ешкім бұза алмайды, бұзса соғыс болады. Бірақ Қазақстанның көп байлығын иемденіп кетті деген қауесет бар. Соны жұрттар көп айтады. 200 млрд доллар ақшасы бар деп естідім. Қазақстанның бір жылдық бюджеті 4 млрд доллар. Еліміздің жарты байлығы демек біздің бұрынғы президентімізде. Бұл рас болса, әрине кешірілмейтін күнә. Өзім бұл қауесетке сенгім келмейді. Бір адам Қазақстанның жарты байлығын не істей алады? Бұл жөнінде Назарбаев екеуміз билікте отырған кезінде сөйлестік. Екінші рет Лондонға баратын кезде тағы да сөйлестік. «Басқалар Қазақстанның байлығын алып, шетелге қашып жатыр. Қолымда 100 млн доллар болса, қайда құртарымды білмес едім» деген едім. «Менде де 100 млн доллар бар» деді. «Көп болса 30 жыл ғұмырың қалды, 100 млн долларды жаратып үлгере алмайсың» деп айтқанмын. Өзім тойымсыздықты түсінбеймін. Түбімізге қанағатсыздық жететін болды. Жап-жақсы жігіттердің билікке барғаннан соң 5-6 жылдан кейін қылмыстық іспен ұсталғанын көресің», — деді ол.