«Шыдамады»: Ақтөбеде әскерден қашқан сарбаз 5 жылға сотталды

сарбаз
Фото: gov.kz

Ақтөбеде сарбаз өзіне тапсырылған қаруды пайдаланып, жолдағы автокөлік жүргізушісін қорқытып әскерден қашып кеткен, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Ақтөбе гарнизонының әскери сотында жауынгер “М”-ның әскери қызметтің ауыртпалығына төтеп бере алмағаны айтылды. Ол өзіне сеніп тапсырылған қызметтік қарумен әскери қызмет орнынан қашып кеткен.

Кейін ол жол жиегіндегі жәбірленуші «А»-ның басқаруындағы автокөлікті көріп, өзіне сеніп тапсырылған қарумен қорқытып, оған өзі көрсетілген бағытта жүруді талап еткен. Көрсетілген жерге келгеннен кейін, жауынгер жүргізушінің киімдерін иемденіп, қылмысты жасау жерінен бой тасалаған.

Оқиға орын алған күні сағат 13.00 шамасында қатардағы жауынгер «М» әскери полиция қызметкерлерінің қолына түсті.

“ҚК-нің 442-бабының 2-бөлігі, 192-бабының 1-бөлігі, 200-бабының 4-бөлігі бойынша өзіне сеніп тапсырылған қарумен әскери қызметін тастап, қашқындық жасау, автокөлікті айдап кету және қарақшылық жасау фактілері бойынша айыпталған қатардағы жауынгер «М» қатысты үкім жарияланды. Сот үкімімен қатардағы жауынгер «М» ҚК-нің 442-бабының 2-бөлігі, 192-бабының 1-бөлігі, 200-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сотталушы сотқа дейінгі тергеу барысында кінәсін мойындау түрінде процестік келісім жасауымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, жәбірленушілер және куәлардың айғақтарымен дәлелденді”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ сот сарбазға іс жүргізу шығындары мен жәбірленушілерге өтемақы қорын өтеуге мәжбүрлі төлем өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.