Екі павлодарлық азамат Ақсу қаласының тұрғынынан үш жыл аралығында барлығы 24 млн теңге алған. Талап еткен соманы бермеген жағдайда жәбірленуші әйел бейнеленген видеожазбаны жарыққа шығарамыз деп қорқытқан.
Белгілі болғандай, айыпталушылар 2021-2023 жылдар аралығында ақсулық азаматшадан қомақты сомадағы қаржыны бопсалаған. Әйтпегенде, флеш-картадағы видеоны жұртқа жария саламыз деп қорқытқан. Әбден үрейленген бойжеткен бопсалаушылардың талабын орындау үшін үш жыл бойы несиелер алып, алтынды ломбардқа тапсырып, қалауын орындауға тырысқан. Тіпті, өзі жұмыс істеген дүкеннің кассасындағы қаржыны алып беруге дейін барған. Амалы таусылған кезде, яғни өткен жылдың жазында бопсалаушылардың үстінен арыз жазған. Екі күдікті бірден анықталып, ұсталды. Таяуда бұл іс Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралды.
Айыпталушылардың бірі өз әрекетін жартылай ғана мойындаса, екіншісі кінәсіз екенін айтты. Олар жәбірленушіден тек қарызды қайтаруды талап еткенін мәлімдеді. Сондай-ақ, істі бопсалау емес, алаяқтық ретінде қарауды сұрады.
Алайда сот мұнымен келіскен жоқ. Прокурор екі азаматты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Сот айыпталушыларды Қылмыстық Кодекстің 194-бабы 4-бөлімі 2-пункті бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Сондай-ақ, мүліктері тәркіленеді», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Оған қоса, олар жәбірленушіге шамамен 24 млн теңгені қайтарып, 3 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өтеуі тиіс. Сот шешімі әзірше күшіне енген жоқ.
ПІКІР ЖАЗУ