1000 АЕК-тен асатын сомада несие беру кезінде банк қарыз алушының жұбайынан рұқсат сұрауға міндетті. Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне несие берудегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның бұл нормасы талқыланды.
Заңға президент қол қойғаннан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өзінің нормативтік құқықтық актісінде 60 күн ішінде нақты соманы анықтауы тиіс.
Сенат отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов сома неліктен 1000 АЕК деңгейінде белгіленгенін түсіндірді.
«Мәселен, жұбайы шетелде, ал екінші жұбайы үшін шұғыл түрде ақша қажет болуы мүмкін. Сол себепті, шұғыл шығындар үшін 1000 АЕК сомасын анықтадық – бұл 3 700 000 теңге, біз бұл соманы өтеуге жеткілікті деп есептейміз.», — деді Олжас Қизатов.
Сондай-ақ ол дәл осы соманы қабылдаудың екінші себебі — 2025 жылдан бастап жалпыға бірдей декларация, сол кезде еліміздің барлық азаматтары 1000 АЕК-тен асатын активтерін декларациялауға міндетті болатынын айтты.
ПІКІР ЖАЗУ