Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Бішкектегі тәртіпсіздіктерден кейін елден қашпақ болған Пәкістанның алты азаматын Қазақстанмен шекарада ұстады.
24.kg сайтының хабарлауынша, шетелдіктер Васильевка шекара заставасы жауапты аумақта жүргізілген рейд кезінде ұсталған. Пәкістандықтар Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған. Ұсталғандар Бішкектегі уақытша ұстау изоляторына жіберілді.
Мамырдың 18-іне қараған түні Бішкекте басталған наразылықтар кезінде Пәкістан азаматтары Қырғызстаннан қашуға әрекеттенген көрінеді. Тәртіпсіздікке жергілікті тұрғындар мен Пәкістан мен Үндістаннан келген қонақтар арасындағы төбелес себеп болған. Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қақтығыс Бішкектің бірнеше тұрғынының келушілерден «кінәлі таба бастағаны» салдарынан тұтанған. Ол жаппай төбелеске ұласты.
Осыдан кейін мыңнан астам адам Қырғызстан астанасының көшелеріне шықты.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қырғызстанмен шекарадағы жағдайды қадағалап жатқанын хабарлады.
ПІКІР ЖАЗУ