Шымкентте туған әпкесінің 2 жасар баласын 3-қабаттағы пәтердің терезесінен лақтырып жіберген ер адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Себебі ол психикалық аурумен ауыратыны белгілі болды.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, ер азаматқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен (Адам өлтіру) айып тағылған. Іс ашық сот отырысында қаралды.
Анықталғандай, 2023 жылдың 23 қарашасы күні сағат 20:00 шамасында психикалық аурумен ауыратын ер адам туған әпкесінің пәтерінде болған. 2 жасар баланың тоқтамай жылағаны жүйкесіне тиген. Содан бүлдіршінді 3-қабаттағы ас бөлменің терезесінен лақтырып жіберген. Аталған жағдайдан соң бала көз жұмған.
Жәбірленушінің, куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен және сот сараптамаларының тұжырымдарымен оның кінәсі дәлелденді. Сот ер адам қоғамдық қауіпті әрекетті жасаған кезде есі дұрыс емес күйде болғанына байланысты оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оған мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасын қолданды. Қылмыстық іс тоқтатылды. Қаулы заңды күшіне енді.
Еске салсақ, біз бұған дейін Шымкентте өз баласын пышақтап өлтірген әкеге қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, ер адам психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емделетіні туралы жаздық.
ПІКІР ЖАЗУ