ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті әкімдіктерге тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай «Ашық есік күні» аясында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
«Түркістан» сарайында өткен қабылдауға келген азаматтар әртүрлі мәселелерді қозғады. Мәселен, қала тұрғыны Берік Бейсентаев екі жасар ұлы Әлимұра Ырыскелдінің 2021 жылғы 15 желтоқсаннан бері «Асар» шағын ауданындағы қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқанын, емдік шаралардың нәтижелі болмай жатқанын айтып келіпті. Соған байланысты баласын елордадағы емдеу мекемелеріне жолдауға көмек көрсетуді сұрайды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдеріне мәселені назарға алуды тапсырды. Өз кезегінде баланың өте диагнозы өте күрделі екенін, барлық қажетті ем тағайындалғанын, соның арқасында қазір нәресте түтік арқылы ана сүтімен тамақтандырыла бастағанын жеткізді. Баланың жағдайы тұрақталып, өздігінен тыныс алатын және тамақтанатын жағдайға жеткен кезде оны өзге емдеу мекемесіне ауыстыруға болатынын, оған дейін тасымалдау қауіпті екенін түсіндірді.
Шыңғыс Жұмабекұлы баланың сауығып кетуіне тіліктестік білдіріп, мәселенің соңына дейін жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Сонымен қатар қабылдауға келген азаматтар жұмыспен қамту, медициналық қызметтің сапасы, мүгедектік тағайындау, әлеуметтік көмек алу және өзге де мәселелерді қозғады. Қала әкімінің бірінші орынбасары барлық тұрғындардың шағымдары мен өтініштерін және ұсыныстарын мұқият тыңдап, барлығына жан-жақты жауап берді. Қала әкімдігінің тұрғындармен ашық диалог құруға дайын екенін айтып, мәселелердің заң шеңберінде шешілетінін жеткізді.
ПІКІР ЖАЗУ