Атырауда жыл басынан бері алаяқтыққа байланысты 300-ге жуық қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданған.
Атырау қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары Айбек Нәсиевтің дерегіне қарағанда, алаяқтардың заңсыз әрекетінен 200-ге жуық адам алданған.
«Тергеу кезінде алаяқтық қылмыстық құқық бұзушылықтың бірнеше түрі анықталып отыр. Біріншіден, алаяқтар арзан бағаға мемлекеттік бағдарламалар арқылы көпқабатты үйлерден пәтер мен жер телімдерін алып беруді ұсынады. Екіншіден, мемлекеттік емес жеке кәсіптік ұйымдарға, оның ішінде мұнай өндіру компанияларына, мердігерлік мекемелеріне жұмысқа орналастыруға уәде береді. Үшіншіден, зейнетақы қорында жиналған қаржыны алып беру туралы ұсыныспен шығады. Төртіншіден, мемлекеттен субсидия алу мақсатында «Даму» қоры арқылы қомақты несие алып беруге сендіреді. Осындай алаяқтық құқық бұзушылыққа қатысты 300-ге жуық қылмыстық іс сотқа жолданды. Атырау қаласы мен өзге өңірлердің 200-ге жуық тұрғыны алаяқтардың құрбаны болды», — деп хабарлады Айбек Нәсиев.
Оның айтуынша, тұрғындар алақтардың арбауына түспеу үшін бірнеше кеңесті ескеруге тиіс.
Біріншіден, жоғарыда көрсетілген сылтаулармен ақша сұраған бейтаныс адамдардың банкттік есеп шоттарына қаржы аудармаған жөн.
Екіншіден, ғаламтор желісіндегі жарнамаларды алдымен тексеріп, заңдылығына көз жеткізу керек.
Үшіншіден, елімізде жұмысқа орналастыратын ресми органдар азаматтардан ақша алмайтынын ұдайы жадыда ұстау қажет.
Фото: gov.kz
ПІКІР ЖАЗУ