Түркістан облысы Төле би ауданы Зағамбар ауылын екі күннен бері полиция қоршап, арнайы жасақ күзетіп тұр. Жоғары сынып оқушыларының сыныптас қызды зорлағаны туралы хабар тараған соң ауыл дүрліккен. Бірнеше көлік пен қора өртенген.
Зағамбар ауылы Төле би ауданының орталығы Ленгер қаласынан 7 шақырым қашықта орналасқан. Жергілікті халық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады, жақын маңдағы жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді.
Ресми мәлімет бойынша, ауылда тұратын бес жарым мыңға жуық адамның 4 мыңнан астамы – өзбек ұлтының өкілдері.
Полициямен бірге мұнда прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен әкімдік қызметкерлері де жүр. Ауыл көшелерінен полицияның криминалистикалық зертхана көлігі көзге шалынды.
Өзім әңгімелескен жергілікті тұрғындар ауылдағы аралас мектептің оқушы қызын «бірге оқитын жасөспірім зорлапты» деген суыт хабар 23 сәуір күндіз тарағанын айтты.
Ал сәрсенбіге қараған түні ауылда бірнеше көлік пен мал қора өртеніп, белгісіз біреулер бірнеше үйге тас лақтырғаннан кейін жұрттың тыныштығы кеткен. Зағамбарға полиция жасағы кірген.
Көп ұзамай ауылда интернет пен телефон байланысы өшірілген. Үрейленіп қалған тұрғындар таңға дейін көз ілмегенін айтты.
Сәрсенбі таңертең ауылда арнайы жиын өтіп, түске жақын елді мекенге блокпост қойылған.
ПІКІР ЖАЗУ