Бүгінгі күні Еуропа елдері, атап айтсақ, Испания, Исландия, Финляндия, Белгия, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері төрт күндік жұмыс аптасына көшті. Қазақстан қысқартылған жұмыс аптасына қашан көшеді?
Төрт күндік жұмыс – аптасына 32 сағат жұмыс істеу деген сөз. Бұл тәжірибе әлем елдерінде бұдан бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Мұндай өзгерістің ерекшелігі, жұмысшылар немесе қызметкерлердің еңбекке деген ынтасы артады, жеке өміріне тиісті дәрежеде көңіл бөледі, психологиялық жағдайы жақсарады, қосымша шаруаларын жасауына мүмкіндік алады.
«Айқын» басылымы жариялаған зерттеулерге сүйенсек, пандемия салдарынан мұндай тәжірибені былтыр Жаңа Зеландия, Жапония мен Ұлыбритания елдері қарастыра бастады. Олардың бұл мәселеге деген қызығушылығын оятқан Microsoft компаниясының Жапониядағы филиалының зерттеу нәтижесі еді. Аталған компания 4 күндік жұмыс аптасына көшкеннен кейін қызметкерлердің өндірістік қуаты 40 пайызға артып, электр мен жылуға кеткен қаражат үнемделген. Қағаз да аз жұмсалған. Жұмысшылар бұрынғыдан 25 пайызға аз сұранған.
Бір сөзбен айтқанда, 4 күндік жұмыс режимі жұмыс берушіге де, жұмысшыға да қолайлы болып отыр. Ғалымдар мен дәрігерлер де мұның адам денсаулығы мен психологиясы оң әсер еткенін алға тартады.
Енді біздің елімізге келсек. Мұндай мүмкіндік негізі бізде де бар. Қолданыстағы Еңбек заңнамасы бойынша жұмыс берушінің келсісімен кез келген қызметкер аптасына төрт күн жұмыс істей алады. Бұл туралы жауапты мамандар не дейді?
– Қазір заңнама бойынша төрт күн жұмыс істейміз деген мекемелер мен қызметкерлерге ешқандай кедергі жоқ. Қызметкер жұмыс берушімен арнайы келісімшарт жасау арқылы толық емес жұмыс аптасына ауыса алады. Еңбек кодексінде бұл мәселе жан-жақты қаралған. Ал жұмыс берушінің жалақыны өзгертуге мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл жағдай қызметтің өнімділігіне тиімді болса да, материалдық жағынан шығын әкелуі әбден мүмкін, – дейді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департаменті директоры Ерасыл Жұманбаев.
«ozgeris.info».
ПІКІР ЖАЗУ