Шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы екінші дивизионның А тобында төртінші жеңісіне қол жеткізді.
Аталған ойындар 7 сәуірден бастап Андорра мемлекетінде өтіп жатыр. Жарысты қазақстандық хоккейшілер сәтті өткізіп келеді.
Бүгінгі Бельгия құрамасымен кездесуді қазақстандық хоккейшілер белсенді бастады. Бірінші кезеңде қатарынан бес шайба соғып кетті.
Ойынның 3-минутында Лариса Свиридова есеп ашса, одан кейін Дильназ Саяхатқызы 4, Екатерина Куценко 6, Малика Алдабергенова 12, 14-минуттарда есепті үстемелей түсті.
Екінші кезеңде құрамалар екі-екіден шайба соқты. Қазақстан құрамасынан Анна Пяткова 34, Карина Фельзинк 38-минутта мергендік танытса, оған қарсыластар екі шайбамен жауап қайырды.
Үшінші кезеңде ел құрамасынан Пернеш Әшімова 51 Александра Щегай 52-минутта гол соқты.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 9:2 есебімен басым түсіп, қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті.
Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасы Мексиканы 4:2, Тайваньды 3:0, Исландияны 7:2 есебімен тізе бүктірді.
Енді қазақстандық хоккейшілер 13 сәуірде Испаниямен құрамасымен кездеседі.
Аталған топта жеңімпаз атанған құрама алдағы жылы бірінші дивизионға жолдама алады.
Фото: icehockey.kz
ПІКІР ЖАЗУ