Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жасөспірімдердің ата-аналары да жауапкершілікке тартылды.
Сарыағаш ауданында болған жастар арасындағы төбелес әлеуметтік желіде кеңінен тараған болатын. Замандастарына әлімжеттік көрсеткен оқушылар, оны аяусыз ұрып-соққан. Бірнеше мәрте басынан теуіп, бетінен ұрған. Қазіргі кезде полиция аталған бұзақылық әрекет бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
«Күдікті жасөспірімнің ата-анасы балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылып, материалдар сотқа жолданды. Ал аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия күдікті, яғни кәмелетке толмаған баланы Абай облысында орналасқан ерекше режимде ұстайтын арнайы мектеп-интернатқа жіберу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Түркістан облысының білім басқармасына кешенді тексеру жүргізу үшін ұсыныс хат дайындалып жатыр», — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
ПІКІР ЖАЗУ