ШҚО мектептерінде аз қамтылған балаларға екі есе аз нан беріліп отырған

Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерде аз қамтылған балаларға екі есе аз нан беріліп отырғаны анықталды.

Облыс прокуратурасы аз қамтылған отбасынан шыққан 9 501 баланың құқығын қорғады.

Талдау барысында мектеп асханаларында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, мемлекет есебінен тамақтанатын оқушылардың тамақтану нормалары заңсыз төмендетілгені анықталды.

«11-14 жас аралығындағы оқушыларға арналған нан нормасы күніне 35 грамм, ал 15-18 жас аралығындағы балаларға күніне 40 грамм болуы тиіс. Іс жүзінде балаларға нормадан 2 есе аз, яғни күніне 20 грамм нан берілген», — деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар мектеп асханаларында тамақтандыру бойынша қызмет көрсететін 11 кәсіпкерден төлем кезінде қосылған құн салығы заңсыз алынып отырғаны белгілі болды.

Оларға 1 оқушыға 620 теңгенің орнына 553 теңгеден төленіп отырды.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша облыстық білім басқармасының 7 лауазымды тұлғасы, оның ішінде басшының орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

9 501 оқушыға тамақтану нормалары ұлғайтылып, 11 кәсіпкерге заңсыз ұсталған сомасын өтеу үшін қайта есептеліп жатыр.

Фото: Freepik