СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚҰТҚАРУШЫ ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынымен күресу үшін өңірге іссапарға жіберілген құтқарушы қайтыс болды, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Балданов 1 сәуірде Түркістан облысының бөлімшесі құрамында Тайыншаға келді. Сол күні кешке ол сырқаттанып, Тайынша аудандық ауруханасына жеткізілді, сол жерден оны санитарлық авиация бортымен Петропавлдағы госпитальге жеткізу жоспарланған болатын.

2 сәуірге қараған түні Бекжан Балданов реанимацияда қайтыс болды. Дәрігерлер оның өліміне жіті миокард инфаркті себеп болғанын анықтады.

Бекжан Балданов 1978 жылы дүниеге келген. Ол Сайран ауданының № 6 өрт сөндіру бөлімшесін басқарды.