Павлодар облысында 18 үй су астында қалды

Жедел штабтың ақпарынша, өңір бойынша Павлодар, Ақтоғай, Железин, Успен, Ертіс және Тереңкөл аудандарындағы жекелеген үйлерді су басқан. Жалпы саны 8 учаске бақылауда тұр.

Өңірде қарғын су жүре бастағалы жалпы саны 18 үй су астында қалған.

«Қазіргі уақытта 5 үйден су сорып шығарылды, 13 үйде жұмыстар жалғасып жатыр. Олар — Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында, Успен ауданының Успен және Вознесенка ауылдарында, Аққулы ауданының Қазы ауылында. Су кірген 18 үйде жалпы саны 88 тұрғын бар. ТЖД күшімен Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылынан 2 отбасы (9 адам) көшірілді. Олар уақытша туыстарының үйлерін паналай тұрады. Барлық зардап шеккендерге әлеуметтік және материалдық көмек көрсетіледі», деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Екі республикалық, үш облыстық маңызы бар автожолдардың үстіне су жайылған. Құтқарушылар жолдардың жиегін бекітіп жатыр. Әзірше көлік қатынасы үзілген жоқ.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 446 адам, 98 бірлік техника, 85 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылды. Үш тәулік ішінде 160 мың текше метрден астам су сорылды, 3,5 мың тонна инертті материал төгіліп, 6 мыңға жуық қап төселді.

Өңірде тәулік бойы жұмыс істейтін облыстық штаб жұмыс істеп тұр.

Фото: Павлодар облысы ТЖД