Елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 32 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана қалалық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Ілиясов айтты.
«Сауда комитеті мен Астана қалалық экономикалық тергеу департаментінен келіп түскен материалдар бойынша осы жылдың 1-тоқсанында 32 кәсіпкер «Сауда қызметін реттеу туралы» заңнамасын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде1 млн 218 мың теңгеге 8 айыппұл салынды. 10 кәсіпкерге қатысты материалдар қаралып жатыр», — деді ол Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағасына қатысты ел Заңын бұзудың жолы кесіледі.
«Әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдеріне бағаны мемлекеттік бақылау осы өнімдерге бағаның қолжетімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды құрал саналады. Ол тұтынушылардың мүдделерін қорғауға, теріс пайдаланудың алдын алуға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне әділ және тұрақты баға белгілеуге көмектеседі. Сондай-ақ, бағаны мемлекеттік бақылау экономикалық тұрақтылықты бұзбау және бизнес үшін қосымша проблемалар тудырмау үшін сақтықпен және нарықтық тетіктерді ескере отырып жүргізілуі тиіс екенін ескеру маңызды», — деді Ғалымжан Ілиясов.
Фото: ortcom.kz
ПІКІР ЖАЗУ