Мәжіліс депутат Қарақат Әбден Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына Қызылорда-Жезқазған, Қарағанды-Жезқазған жолдарының жайын депутаттық сауал етіп жолдады.
«Қызылорда-Жезқазған, Қарағанды-Жезқазған тас жолдарының «жырының» таусылатын түрі жоқ! Мысалы, қазір көктем уақытында құрылыстың нағыз қызатын, әрі қолайлы шағы. Жобалық-сметалық құжаттамамен айналысып жүргенде жол салуға қолайлы маусым тағы да өтіп кетеді.
Қызылорда-Жезқазған жолының жайы маған бала кезден таныс. Бұл мәселе сол кезде өзекті еді, қарап тұрсаңыз, қанша жыл өтсе де, «баяғы жартас – сол жартас» болып тұр.
Депутаттық сауалыма келген жауаптың барысы осыны аңғартады. Мәселен, «Жезқазған-Қызылорда» автомобиль жолы бойынша мердігер компаниялардың өтінімдері әлі бағалану сатысында. Құжаттардың рәсімделуі «Госэкспертиза» мен «ҚазАвтоЖол» арасында ары-бері «допша» домалап жүр. Ал «Жезқазған-Қарағанды» тас жолына қатысты мердігерлік компанияларды анықтау әлі жоспарланып жатқанға ұқсайды. Демек, нақты іске қашан көшіп, құрылыстың қашан басталатыны белгісіз», — деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, бұл жолдарға күні қарап отырған тұрғындар жергілікті әкімдіктің жайбасарлығына наразы.
«Бірақ аталған бағыттағы автомобиль жолдарының салынуы, бақылануы облысы әкімшілігі емес тікелей Көлік министрлігіне қарайды.
Жезқазған-Қарағанды тасжолы «қанды жер» аталып кеткені баршаға аян. Дәл осы жолда 2023 жылы 129 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 167 адам дене жарақатын алған, 37-сі қаза тапқан. Ал биылғы 2 айда ғана 23 жол көлік оқиғасы орын алып, 37 адам жарақаттанып, 2 адам мерт болды. Тас жолдың «жыры» таусылғанша, әлі қанша жан тауқымет тартады?» — деп сұрады Қарақат Әбден.
Мәжіліс депутаты Олжас Бектеновтен Қызылорда-Жезқазған, Қарағанды-Жезқазған тас жолдарының келешегіне байланысты нақтыланған жұмыс жоспарын беруді сұрады.
«Сондай-ақ жұмыс жоспары бойынша істің талап етілуін қадағалауды назарға алуды сұраймыз», — деді ол.
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі
ПІКІР ЖАЗУ