Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында шұлық өндіретін қазақстандық кәсіпорындарды қосылған құн салығынан босатуды ұсынды.
«Елімізде жеңіл өнеркәсіптің мысын әлі күнге импорт басып жатыр. Бұған мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі және салықтың жоғары жүктемесі себеп. Мысалы, 2024 жылғы есеп бойынша елімізде тоқылған және трикотаж шұлық бұйымдарын өндірумен айналысатын заңды тұлғалардың саны 24 қана болған. Оның ішінде бір ғана кәсіпорын орта бизнес болса, ал қалған 95,8%-ы шағын бизнестің қатарында. Бұл ретте шұлық түрлерінің 80 пайызы шетелден әкелінеді.
Импорттық тауарлар өте арзан бағада болғандықтан, жоғары сұранысқа ие. Сол себепті отандық өндірушілер импорттық өнімдермен бәсекеге түсе алмайды. Импорттық өнімнің басым бөлігі төмен баждармен әкелінеді. Бұған Қазақ-Қытай шекарасындағы экономикалық және контрабандалық сипаттағы құқық бұзушылықтар да ықпал етеді», — деді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ, ол жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық кәсіпорындар 12% салық төлеп отырғанын айтты.
«Мұның бәрі отандық өнімнің түпкілікті бағасы қымбатқа түсуіне әкеп соғады. Елімізде өндірілген өнім көлемін мемлекеттік субсидиялау көзделмеген. Біздің кәсіпкерлер үшін негізгі экспорт нарығы Ресей болып тұр. Онда жыл сайын 9,7 млн доллардың өнімі жеткізіледі. Бұл барлық экспорттың 98%-ы деген сөз.
Былтыр отандық кәсіпорындар басқа елдерге 9,9 млн доллардың 490,9 тонна шұлық өнімдерін экспорттады. Бұл өте төмен көрсеткіш», — деген депутат Қытайдың жеңіл өнеркәсіпті қолдау саясатын мысалға келтірді.
Депутат Үкімет басшысынан шұлық өндіретін қазақстандық кәсіпорындарды ішкі нарықта алынатын 12% қосылған құн салығынан босатуды сұрады.
«Өндірушілерге шығарылатын өнімнің салмақтық көлеміне қарай мемлекеттік субсидиялар бөлуді;
Осы салада 3%-дан аспайтын жеңілдетілген несие беруді;
Қазақстан-Қытай шекарасындағы экономикалық және контрабандалық қылмыстарды жоюды;
Өзіміздің кәсіпорындар өндіруге дайын жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің жекелеген түрлерінің импортына баж салығын ұлғайтуды сұраймын», — деді Қайрат Балабиев.
Фото: parlam.kz
ПІКІР ЖАЗУ