Мәжіліс «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» Заң мен оған ілеспе екі заңды мақұлдады. Құжаттарды екінші оқылымда Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров таныстырлы.
«Заң жобаларын Парламент депутаттары органикалық өнімді өндіру және оның айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ оны халықаралық стандарттармен және органикалық өндірісті жүргізу практикасымен үйлестіру мақсатында әзірледі. Өзгерістер органикалық өндірісті сұраныстар мен өткізу нарығының қалауына байланысты таңдалған стандарттың талаптарына сәйкестігін сертификаттауға мүмкіндік береді. Сертификаттау объектілерінен органикалық өнімдер алынып тасталады, тек өндіріс процесі ғана сертификатталады», — деді ол.
Айтуынша, ұсынылып отырған заңның қолданыстағы заңнан бірнеше айырмашылығы бар.
«Бірінші жағдайда, шағын фермерлер бірлескен кепілдік жүйесіне біріге алады. Бұл ретте олардың өнімдері бірлескен кепілдік жүйесі белгісін пайдалана отырып таңбаланады. Органикалық өнім өндірушілер бірігу арқылы сертификаттау шығындарын азайта отырып, процедурадан бірлесіп өте алады. Болашақта бұл өндірушілер органикалық өнім өндірісінің сәйкестік сертификатын бір-бірінен тәуелсіз пайдалана алмайды», — деді депутат.
Сондай-ақ, заң жобасында органикалық өнімді сату мынандай шаралар арқылы қадағаланатыны айтылған:
— тұтынушылардың құқықтары мен халықтың денсаулығын қорғау;
— «органикалық» деген атпен сатылатын, органикалық емес өнімдер айналымының жолын кесу;
— отандық органикалық өнім өндірушілерді жалған таңбалауға байланысты азаматтарымызды адастыратын импорттаушылар тарапынан жосықсыз бәсекелестіктен қорғау.
«Ілеспе заң жобасында өндірушілерді екі бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көзделеді:
— сәйкестік сертификаты құнының 50% субсидиялау;
— органикалық тыңайтқыштарды субсидиялау.
Соңғы қолдау шарасы 2028 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.Қазіргі уақытта органикалық өнімдер сұранысқа ие болғандықтан, заңдарды қабылдау саланың дамуына оң әсер етеді, жергілікті органикалық өнім нарығын дамытуға негіз болады және сыртқы нарықтардағы экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», — деді Айдарбек Қожаназаров.
Фото: Мәжіліс
ПІКІР ЖАЗУ