Отандық ғалымдар дәрумен мен минералға бай жем-шөп қоспасын ойлап тапты

Отандық ғалымдар дәрумен мен минералға бай жем-шөп қоспасын ойлап тапты. Биологиялық жемді қазір Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің мамандары ғылыми зертханада әзірлеп жатыр. Тіпті, өндіріске шығарып, мал шаруашылығында оң бағасын алып үлгерді, деп хабарлайды «ozgeris.info» «Хабар 24″-ке сілтеме жасап.

Ветеринария ғылымының кандидаты, доцент Юрий Балджи малды дұрыс әрі толыққанды азықтандыруға мән беру қажеттігін айтады. Ол өз ұстанымын ғылыми тұрғыда дәлелдеп те шықты. Инновациялық технология көмегімен жемнің сан түрін шығарады. Ол ойлап шығарған биожем бүгінде мал шаруашылығын дөңгелеткен шаруалардың көңілінен шыға бастапты. Себебі  дәстүрлі жеммен салыстырғанда биологиялық қоспасы бар жемдер әлдеқайда үнемді. Әрі пайдасы зор. Құрамы құнарлы азықты жеген сауынды сиырдың сүті көбейеді, бұзауы да 30 процентке жылдам салмақ қосады екен.

— Біз мал азығын 2003 жылдан зерттей бастадық. Бір байқағанымыз шетелден әкелінетін жемдердің құрамында химиялық қоспалар бар. Оны жеген малдың еті де, сүті де адам ағзасына өте қауіпті. Содан кейін ғалымдармен бірлесіп, отандық өнім шығаруды ойластыра бастадық. Біздің жем-шөп қоспамыз билологиялық, яғни табиғи өсімдіктердің нәрін сақтай отырып жасалған, — дейді Юрий Балджи.

Биожемді жоба күйінде ғана емес, коммерциялық бағытта дамытуды қолға алған. Яғни, ғалымдар өнертабыстары бір орында тұралап қалмас үшін оны бизнеске айналдыра бастады. Қазір биологиялық азық ғылым қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

— Қазір біздің ғылым қорында 150-ден астам жоба жүзеге асқан. Ал ғалымдардың жұмысы – солардың бірі. Олар мемлекеттік грант ұтып алып, ғылым мен бизнесті байланыстыра алды десек болады. Өйткені шынымен биологиялық жемнің дәстүрлі азықтан айырмашылығы жер мен көктей. Шеттен келетін мал азығына қарағанда бағасы анағұрлым арзан. Әрі малдың иммунитетін көтеретін табиғи қоспалары бар, — дейді  «Ғылым Қоры» АҚ басқарма төрағасы  Арын Орсариев,

Қазір ғалым жобасын патенттеп алған. Болашақта шет ел нарығына шығуды жоспарлап отыр. Әзірге ішкі нарықты қамтысақ дейді. Мал cүті мен сиыр етінің өнімділігін арттыруда мал азығы өте маңызды. Ал малға сапалы жем-шөп беру арқылы табиғи әрі пайдалы ас тұтынатын боламыз. 

 

«ozgeris.info»