Ақтөбенің Шалқар қаласында мектеп оқушылары өзара жанжалдасып қалды. Олардың бәрі полиция бөлімініне жеткізіліп, шара қабылдау үшін аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды.
Әлеуметтік желіде оқушылардың бір-бірін қуып жүрген видеосы тарап кетті. Оқиға 18-наурыз күні сағат шамамен 14:00-де Шалқар қаласында болды. Бұл Әйтеке би мен Желтоқсан көшелерінің қиылысы маңы. №5 мектеп-лицейдің оқушылары мен №3 Шалқар қалалық орта мектеп оқушылары қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін полицияға жеткізілді.
— Тексеру кезінде №5 мектеп-лицейдің 8 «А» сынып оқушысы өз фотосын музыкамен сүйемелдеп, кейін TikTok желісіне жүктегені белгілі болды. Сол мектептің 9 «Б» сынып оқушысы қоқан-лоқы көрсетіп, видеоны өшіруді талап етіп, пікір қалдырады. Сол кезде 8-сынып оқушысы 10-сыныпта оқитын ағасына мән-жайды айтады. 18-наурыз күні №5 мектеп-лицейдің 9-10 сынып оқушылары сабақтан соң кездесетінін айтады.
Ал балалардың бірі №3 орта мектепте оқитын оқушылардан көмек сұрайды. Аталған оқиғаға қатысқан жасөспірімдер анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық Білім басқармасы.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың хабарлауынша, құжаттар жинақталып, шешім шығару үшін іс Шалқар ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комисияға жолданады.
ПІКІР ЖАЗУ