КӨРІСУ МЕЙРАМЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Көрісу (Амал мерекесі) – қазақ халқында ежелден келе жатқан, күні бүгінге дейін сақталған дәстүр. Көрісу күнінде адамдар бір-біріне амандасып, жақсылық тілейді, қауышады, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіреді. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір-біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Сонымен қатар әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы тоқ жүріп, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Бұл мерекенің шығу тарихы ертеден келе жатыр. Қазақ қыстан мал-жан аман-есен шығып, күннің жылынуы мен көктің шығуына қуанышын осы салт арқылы көрсеткен. Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні ошақ қасында, жақындарымен бірге болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам өз аймағына жолы түскен бойда көпті көрген үлкендердің қолын алып, сәлем беруге тиіс.

Мереке қарсаңында еліміздегі көрнекті білім беру орындарының барлығы дерлік бұл мейрамнан қалыс қалған жоқ. Осы мейрам қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде де атап өтілді. Бұл іс-шараның ерекшелігі қазақ және Түркменстан елінен академиялық ұтқырлық арқылы келген «Екі шет тілі» мамандығының  студенттерінің арасында өткізілді. Екі елдің мәдениеті туралы кеңінен таныстырылып, ұлттық ән-би арқылы көрерменнің қошеметіне бөленді. Студенттер өз баяндамаларында Амал мерекесінің маңыздылығын ғана айтып қоймай, мейрамның пайда болу тарихы аясында көптеген түйінді ойларын жеткізді. Ұлттық құндылықтарымыз насихатталған бұл шараның ұйымдастырушылары Смағұлов Сабырхан, Ноянов Еділ, Арынов Жұмахан.  Осы іс-шаралардың жалпы мақсаты білім алушылардың патриоттық сезімдерін ояту, ұлттық мейрамдарымызды кеңінен насихаттау және түркмен-қазақ студенттерінің арасындағы достықты нығайту болып табылады. Амал мейрамына арналған мәдени сабаққа университеттің профессорлық оқытушы құрамы, студенттер, магистранттар қатысқан өнегелі, ғылыми мәні зор тамаша шара болды.

Баршаңызды бұл мерейлі мейрам – Көрісу күнімен құттықтаймыз! Бейбіт және бақытты өмір, жақындарыңыздың аман-саулығын, әрбір оң бастамаларыңызда тек сәттілік пен жетістіктер тілейміз!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих факультетінің магистранты Әубәкір Гүлзия,

                                                                              жетекшісі т.ғ.к., доцент Ноянов Е.Н.