Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары 15 тәулікке қамалды. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 613-бабы 4-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Ербақыт Қаржаубаевқа қатысты іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 613-бабы 4-бөлімімен, яғни, «Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару» бабымен қозғалды.
Іс Әйтеке би аудандық сотына 11-наурыз күні түсті. Отырыс сол күні сағат 17:30-ға тағайындалғанымен, Е.Ж.Қаржаубаев оған келмеді, тіпті сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтінішхат та түсірмеген. Судья Олжас Алмасбекұлы Е.Қаржаубаевты Әйтеке би аудандық сотына күштеп әкелуге ұйғарым шығарды. Қаулының орындалуы Әйтеке би ауданы полиция бөліміне жүктелді. Бүгін әкімшілік іс қаралып, қаулы шықты.
«Ербақыт Қаржаубаев ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 613-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танылсын. 15 тәулікке қамауға алынсын және 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылсын. Әкімшілік қамаққа алу мерзімі 2024 жылдың 13-наурызы сағат 18:00-ден бастап белгіленсін»,- деді Әйтеке би аудандық сотының судьясы Олжас Алмасбекұлы.
Сонымен бірге сот Әйтеке би аудандық полиция бөлімінің бастығына куәгерлердің болмағаны үшін жеке қаулы шығарды.
Ал Әйтеке би ауданының әкімдігі бұл қызметкердің 11-наурыз күні арыз жазып, жұмыстан шыққанын хабарлады.
ПІКІР ЖАЗУ