Балаға ақша жинауды қалай үйрету керек?

Нарық заманында ақша жинау өте маңызды. Себебі қаржы қай кезде де артық етпейді. Балаға қалай ақша жинауды үйретуге болады? Мынам кеңестерді оқыр көріңіздер.

  1. Отбасылық бюджетіңізді балаңыздан жасырмаңыз. Балаға ақша туралы 3-4 жастан бастап айта бастаған жөн. Бірақ оны баланың өз тілінде түсіндіру керек. Мысалы, шығындарыңызды түрлі түстерге бөліңіз. Көк — коммуналды төлемдерге, сары — азық-түлікке, жасыл — ойыншыққа деген сияқты. Бала дүкенге барғанда жаңа ойыншық алып беруін сұраса, ақша тек сары қорапта қалғанын, ал жасыл қорапта келесі айда ғана ақша болатынын оңай түсіндіре аласыз. Сонымен бірге балаға жасыл қораптағы ақшаға тиіспей, үстіне тағы да ақша қосып жинайтын болса, үлкен және көп ойыншық сатып алатынын түсіндіріңіз.
  2. Балаға қалағанын бірден алып бермеу керек. Бұл балаға ештеңе алып бермеңіз деген сөз емес. Балаңыз өзіне қатты ұнаған затын алып беруін өтінсе, қалағанын алып беруден бас тартпаңыз. Тек алдымен балаңыздан алғысы келген дүниелерін тізімге енгізуін сұраңыз. Қалаған затының суретін салып немесе жазып, тоңазытқыштың сыртына іліп қойыңыздар. Ай соңында тізімге қарап бір ойыншықты таңдатсаңыз болады. Яғни балаңыз сауданы ойланып жасауға үйренеді және жарнаманың арбауына түспеуге бейімделеді.
  3. Балаңыздың қалтасына ақша салып қою керек. Балаңыздың қалтасында 300 теңге бар делік. Ал бұл ақшаға кішкентай ойыншық сатып ала алатынын айтыңыз. Егер тағы сәл күтсе үстіне ақша қосып, одан үлкенірек ойыншық сатып алуына көмектесетініңізді түсіндіріңіз. Сонда балаңыз қалтасындағы ақшасын текке құртпай, сатып алғысы келетін нәрсесін алдын ала жоспарлауды үйренеді.
  4. Қажетті заттарды маңыздылығына қарай бөлуді үйретіңіз. Балалар бүгін бір нәрсені қаласа, ертең басқа затты алғысы келеді. Егер алғысы келетін зат қымбаттау болса, ұсақ ақша жинайтын үй кассасына (копилка) бірігіп ақша жинауды ұсыныңыз.
  5. Жақсы оқығаны үшін ақша бермеңіз. Жақсы баға алсаң 100 теңге берем деп үйретпеңіз. Бұл тәсіл оқуды ақша табу көзіне айналдырып жіберуі мүмкін.

 

«ozgeris.info»