Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионатында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова еркін бағдарламада үздік бестікке енді.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, ұлттық құрама спортшылары көркем жүзудің аралас жұптық сынның финалында, 170.6875 балл алды.
Таңдаулы 12 дуэт сынға түскен сайыста Қытай құрамасы (Вэньтао Чэн мен Хаоюй Ши) жеңіске жетті. Күміс Испания, қола медаль Мексика атлеттеріне бұйырды.
Кешегі іріктеуде Ұлттық құрама 7-орынға табан тіреп, бүгінгі ақтық бәсекеге жолдама алған.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын осы жаттығудың (дуэт микст) техникалық бағдарламасында Эдуард пен Наргиза топ жарып, Қазақстанға алғашқы алтын жүлдені сыйлаған.
Жалпы су спорты түрлерінен әлем чемпионаты 18 ақпанда мәресіне жетеді. Қазір Қазақстан командалық есепте 1 алтынмен 10-орында тұр.
Фото: World Aquatics
ПІКІР ЖАЗУ