Қазақ халқының бірлігі өз өзектілігін жоғалтпайтын мәселелердің бірі. Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асты, дегенмен елдігімізді сақтап қалу жолында әлі де күресіп келеміз. Осы жөнінде «Қазақ» газетінде Мадияр есімді автордың «Орынбор, октябрь 21» атты мақаласында жазылған.
«Орынбор, октябрь 21» мақаласының авторы Мадияр бүркеншік атымен жүрген Міржақып Дұлатұлы. Мақалада земство мәселесін көтереді. 1917 жылы қазан айының 16-жұлдызында «земский собрание» өтеді. Содан соң қазақ жерінің түкпір-түкпірінен земстволар ашып, тәуелсіз мемлекет құру керектігін сөз етеді.
Қазақ облыстарының арасында алғашқы земство Торғай уезінде ашылған. Автор мақаласында «Зор төңкеріс болды, ескі хүкімет жоғалды, теңдік заманы туды, әр жұрттың өз тізгіні өзіне берілді» деп қуанышты хабармен бөліседі. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1917 жылы Ақпан төңкерісінің нәтижесінде патша үкіметі құлап, Николай патша тақтан кетті. Сол жылы наурыз айының 2-күні Уақытша үкімет билікке келді. Содан бастап земстволар құрыла бастады.
Қазақ жерінде облыстық және уездік деңгейде ашылған земство мекемелері халықтың шаруашылығын реттеуде, оқу ісін жолға қоюда елеулі жұмыстар атқарды. Мұғалімдер даярлайтын курстар, бастауыш мектептер ашты, оқушы жастарға стипендия тағайындады.
«Біздің қазақтың өз арасындағы ісі ілгері баспаса, өз шаруасын өзі басқара алмаса, өнер-білімге өзі ұмтылмаса, теңдікке жетуге өзі талпынбаса, Николайдың айдалғанынан министрлердің абақтыда жатқанынан, бостандық болды деп жұрттың шулап жүргенінен пайда жоқ. Бостандық жемісімен жұрт қатарлы пайдалану үшін көзіміз ашық, көңіліміз тетік болу керек» деп Мадияр сөз еткендей елдің бостандығын сақтап қалу үшін көп тер төгу қажет еді. Осы жолда Алаш азаматтары бар күштерін салды. Білімге баулу жолында мектептер ашты, оқушыларға сабақ берді, «Қазақ» газетінде түрлі мақалаларды жариялады. Тіпті, халықтың көзін ашу мақсатында өздеріне зиян тиетінін біле тұра, бүркеншік аттармен өз мақалаларын жариялай берді.
Земвстоның құрылуы халық үшін пайдалы болса да, өз заманында атағы дүркіреп, байлығы тасып тұрған «игі жақсы» болыстарымыз председатель болуға таласты. Земский управаның председателін де «болыс» деп атап кетті. Мақалада бұл жайында былай деп жазылған: «Земствоға талассаң талас, бірақ оны болыстық деп ойлама, ақша шашпа, мына халыққа пайда келтіреді. Анау зиянды адам, сондықтан сайламаймыз, мынаны сайлаймыз деп таласу керек».
Сонымен қатар, автор земвствоның ашылуы қазақ үшін зор емтихан екенін атап өтеді. Қазақтың өз алдына жеке мемлекет болуын қалайтындар көп болды. Бірақ, Ресейдің қол астында қала беруді де көздегендер жетерлік еді. Автор «Егер земство ісін жақсы басқара алмасақ, өз алдымызға мемлекет боламыз деу әдемі түс. Түс көрмей іс көрсек, мемлекет боламын деп сонда ғана айтуға жарайды» дегеніндей, ХХ ғасырда қазақ халқы үшін ел бірлігін сақтау ең маңызды мақсаттардың бірі болды. Бұл мақсатқа жету барысында Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханов сынды дара тұлғаларымыз Ресей тарапынан өте көп қуғынға ұшырады. «Қазақ» газетінде жариялаған мақалалары үшін талай айыппұл төледі, бірнеше рет түрмеге қамалды, кітаптарын шығармай қойды, билікке жақындатпады. Ең сорақысы Алаш азаматтарының біразы ел үшін, өз халқы үшін опат болды.
Бүгінгі тәуелсіз, дамыған Қазақстанда ел бірлігін сақтап қалу қиын іске айналған. Бұған дәлел 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасы. Халқымыз өз ішінде бір-біріне қарсы шығып, өзге елдердің жаулап алуына мүмкіндік берді. Қанды қақтығыс президентіміздің арқасында оңынан шешіліп, бірлігіміз қайта нығая түсті.
Дүйсен Қарақат
ҚазҮУ-дың 1-курс студенті
ПІКІР ЖАЗУ