ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін тоқтату мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап берді.
«Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жабу туралы мәселе қаралмады және оны талқылаудың реті жоқ. Бізге медициналық сақтандыру жүйесі қажет. Егер біздің кейбір бастамамызда қиындықтар болса, бұл жағдай одан құтылу керек дегенді білдірмейді. Біз атқарылған жұмысты жалғастырып, оны жақсартуымыз керек. Әрине, қазір тұрғындардан арыз-шағымдар көп түскенін түсінеміз. Бұл ретте, Мемлекет басшысы қаржыландыру көлемі артып келе жатқанын айтты. Сонымен бірге, сапасыз медициналық көмекке қатысты шағымдар да көбейген», — деді А. Әлназарова Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, 2023 жылдың соңына қарай шағымдар саны 20 пайызға артқан.
«Кеше жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар берілді, яғни біз арыз-шағымдар құрылымын талдап, Денсаулық сақтау министрлігі шешім қабылдайды. Ең алдымен, барлық жұмыс бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталып, тиімсіз жұмсауға мүлдем жол бермеу керек. Яғни, 2,8 триллион теңге – қомақты сома. Енді оны барынша тиімді игеру қажет. Қазір тиімсіз ысырапқа жол бермеу үшін барлық хаттама мен стандарттарға жалпы аудит жүргізгіміз келеді», — деді министр.
ПІКІР ЖАЗУ