Қызылорда облысында мектеп директорлары босаған орынға конкурссыз 50-ден астам мұғалімді қабылдаған.
Қызылорда облыстық прокуратурасы осы бағытта тексеру жұмыстарын жүргізген еді. Нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі ережелерінің көптеген бұзушылықтарын, мұғалімдерді конкурссыз жұмысқа қабылдау бойынша көптеген кемшіліктердің бар екені анықталды.
«Қазалы ауданындағы 3 мектептің асханасында оқушыларға мерзімі өтіп кеткен сүт өнімдері берілген. Қызылорда қаласында бес мектепте медицина қызметкерлерінің өз мамандығы бойынша сертификаттары болмаған. Қала, аудан мектептерінде мұғалімдер жалған дипломмен жұмыс істеген. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды», — деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасынан.
Сондай-ақ, одан бөлек мектеп директорлары орын босағанда конкурс жарияламай 50-ден астам мұғалімді қабылдаған.
Ал Жалағаш ауданында және облыс орталығындағы мектептердің ғимараттарына бөтен адамдардың кіріп шығу жағдайына эксперимент жасалған. Нәтижесінде ғимаратқа көптеген тыйым салынған құралдармен еркін кіріп-шығуға болатыны анықталды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада арзанға сатылған аяқ киім дүрбелең туғызды.
ПІКІР ЖАЗУ