Павлодарлық Галя әжей Плюшкин синдромына шалдыққан. Ол көршілерінің шағымына қарамастан пәтерін қоқысқа толтырған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Еріктілер бұған дейін де әжейдің үйіне келген, бірақ бұл жолы зейнеткердің жағдайын сұрамақ болған екен. Себебі әжей тамаққа ақша сұраған көршісі шағым түсірген.
«Жоғарғы қабатқа көтеріле салысымен ерекше иісті сездік. Осылайша әжейдің қай пәтерде тұратынын бірден анықтадық. Жиналған қоқыстың арасынан зейнеткерді табу да қиын. Пәтер қажетсіз қоқысқа толып қалған, ал иесі болса барлығы жақсы және керекті заттарының бар екенін айтты», — деп жазды еріктілер.
Әжейдің сөзінше, ол бес баланың анасы. Балалары келіп, тамақ әкеліп тұрады екен. Бірақ еріктілер зейнеткердің тек төрт баласы бар екенін әрі тек ұлымен ғана араласатынын жазады.
«Галя әжей зейнетақысын өзі алатынын айтады, бірақ оның банк картасы ұлында. Ал тамақ сатып алу үшін адамдардан ақша сұрайды. Көмектен бас тартты», — деп қосты еріктілер.
Олар зейнеткер жайлы ақпаратты әлеуметтік қорғау бөліміне тапсырған. Олар аталған мекенжай бойынша жұмыс істеуге уәде беріп отыр.
ПІКІР ЖАЗУ