ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2023 жылдың жұмысын қорытындылады

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2023 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті.

Оған Президент Әкімшілігінің өкілдері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңес, Әдеп жөніндегі комиссия, Сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі Консультативтік-сараптамалық топ мүшелері қатысты.

МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай өткен жылы Агенттіктің барлық бастамалары Мемлекет басшысының мемлекеттік аппараттың адамға бағдарланған және сервистік моделін қалыптастыру бойынша қойған  міндеттерін жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

Өткен жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік басқару академиясының құрылымында адами ресурстарды басқарудың заманауи құралдарын қолданатын арнайы HR институты құрылды.

Дархан Жазықбай Агенттіктің еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру бағыттарында іске асырылған Президенттік жастар кадр резерві жобасы туралы айтты. Үшінші іріктеуге қатысуға 30 мыңнан астам адам өтініш білдірді, бұл оның жастар арасындағы жоғары танымалдылығын көрсетті.

Тікелей тағайындау мүмкіндіктеріне сәйкес жоғары оқу орнын бітірген 100-ден астам түлек конкурстан тыс аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға тағайындалды, ал 300-ге жуық жеке сектордың тәжірибелі маманы мемлекеттік қызметке қабылданды.

Агенттік төрағасы жас мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту жұмыстары жалғасатынын айтты. Биыл алғаш рет Өңірлік жастар кадр резервтеріне іріктеу жүргізіледі. Іріктеу 7 салалық бағыт бойынша өтеді.

Дархан Жазықбай «e-Qyzmet» жүйесі бойынша алты мемлекеттік органда өткен мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа пилоттық жобасының сәтті жүзеге асырылғандығын айтты. Осылайша, конкурстарға қатысушылар санының артуында оң динамика байқалады. Жаңа жүйемен мемлекеттік қызметке 650-ден астам адам қабылданса, конкурстарға қатысқан үміткерлердің саны 5800-ді құрап отыр. Жаңа жоба бойынша бір орынға қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адамды құрап, қолданыстағы іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге артты. Биыл жаңа іріктеу жүйесін кезең-кезеңмен барлық мемлекеттік органдарға енгізу жоспарлануда.

Мемлекеттік қызметте қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданды. Басқа өңірлерге ротацияланатын мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлемдер енгізілді. Икемді кестелерді қолдану және қашықтықтан жұмыс істеу Ережесі бекітілді, оларды қолдану практикасы 72,4%-ға өсіп отыр.

Сонымен қатар, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің басшы және атқарушы құрамының арақатынасын айқындау қағидалары бекітіліп, «келісімшарттық қызметшілер» институты енгізілді.

Алқа отырысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау шаралары баяндалды. Дархан Жазықбайдың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Агенттікпен 513 мемлекеттік органда жұмыс уақытының сақталуына мониторинг жүргізгілді, оның нәтижесімен 234 мемлекеттік қызметшіге қосымша демалыс уақыты берілген.

Сондай-ақ 2023 жылы Әдеп жөніндегі кеңестердің 195 отырысы өтіп, онда 1300-ден астам мәселе қаралғаны айтылды. Олардың 62% профилактикалық сипатта және әдеп бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуына ерекше көңіл бөлінеді. «Адал Азамат» ұстанымдары мен идеалдарын ілгерілету, жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру жұмыстары басталды.

Агенттік қызметіндегі маңызды бағыт – мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жүргізу. 2023 жылы 498 тексеру жүргізілді, проактивті мониторинг тәжірибесінің арқасында 11 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Осындай шаралардың нәтижесінде 360 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.

Алқа отырысында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша жұмыстың алдын ала қорытындылары айтылды. Мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде 550-ден астам бюрократиялық кейстер әзірленді. Ұсыныстардың 152-сін іске асыру үшін заңнамалық деңгейде шешімдер қабылдауды қажет етеді.

МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңесінің төрайымы Бибігүл Ағыбаева өткен жылы қоғамдық кеңестің 5 отырысы өтіп, 31 нормативтік құқықтық актілер қаралғанын айтты. Өз кезегінде Дархан Жазықбай Қоғамдық кеңес мүшелеріне Агенттіктің іс-шараларына белсенді қатысқандары үшін алғысын білдіріп, одан әрі тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасауға шақырды.

Сонымен қатар, алқа отырысында Агенттіктің алдағы жылға арналған жұмыс жоспарлары талқыланды. Олардың қатарында – мемлекеттік қызметті кәсібилендіру бойынша жұмысты жалғастыру, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша заң шығарушылық қызметті күшейту, жастарды мемлекеттік қызметке тарту және одан әрі цифрландыру процестерін жетілдіру бар.

 

ҚР МҚІА Баспасөз қызметі